Қайырбек Оразов атындағы Аралағаш орта мектебі Мектеп – менің тағдырым эссе

Опубликовано: 03.11.2018

Қайырбек Оразов атындағы

Аралағаш орта мектебі

Мектеп – менің тағдырым

эссе

Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі:

Темирова Жанар Амангелдіқызы

2014 жыл

Тағдыр ... Осы сөзді естігенде , не айтқанда адам жаны белгісіз бір жұмбақ күй кешетіні анық.

Адам тағдырымен ойнауға болмайды деп жатады. Неге?!

Шыр етіп сәби дүниеге келіп, ана сүтімен, пәк көңілмен, бесік жырымен еш алаңсыз өсе береді. Тілі шығып, ес кіргенде оның өмірге деген көзқарасы , өз танымы , талғамы бейімделе бастайды.

Ата-ана әлпештеген сәбиін мектепке, яғни, ұстазға табыс етеді. Кешегі жансыз тұрған ғимарат іші бала есігін айқара ашқан күні жан бітіп, түрленіп шыға келеді. Сол мезетте ұстаз тағдыры – бала тағдыры, бала тағдыры – қоғам тағдыры басталады. Бір – бірімен біте қайнасқан шырғалаңы мен шытырманы , қуанышы мен шаттығы мол өмір тізбектеліп кете береді, кете береді...

Бала – болашақ. Ертеңгі күннің қандай болатыны солардың білімі мен тәрбиесінен, рухани байлығының дәрежесінен көрінеді.

Ата- дәстүр сырын ұғына бермейтін, еуропаға еліктеушілік басым , нашақорлық пен қылмыстың үдеп, ақпараттық технологияның дамып тұрған шағында жас ұрпақтың теріс жолға түсіп кетпеуінің алдын алып қалай сақтандыра аламыз?Мұхтар Әуезов «Еккенің тікен болса, орғаның балауса болмас» деп нені меңзеді? Астарында не жатыр?!

Мен Аралағаш ауылының, Қайырбек Оразов атындағы Аралағаш орта мектебінің ұстазымын. Бірақ «ғалым да, шахтер да білім алып, бас иетін ұстаз кәсібінің жауапкершілігі мол. Менің ісім – қасиеті мен құдіреті мол сөз өнері. Ұстаз, тіл мен әдебиеті пәнінің маманы ретінде баланың қай қырына әсер ете аламын , «өмір» атты асау өзенге өзімен бірге алып кетуіне не бере аламын?!

Сөз өнері, өзінің атында тұрғандай, шәкірт оқығанын, көргенін, сезгенін, танығанын, қызыққанын, ұққанын, одан қандай әсер алғанын , қалай қабылдағанын, ойына не түйгенін, қандай тәлім – тәрбие алғанын бүкіл жан дүниесінде не болып жатқанын сиқырлы қаламмен дәптер бетіне сырлы сөздер арқылы жазып бере алады. Сол жазылған сырдың мәнін ұғып, жан –дүниесінде не болып жатқанын танып біліп, дер кезінде қол ұшымды бере білсем , міне, менің кәсіптік шеберлігімнің нақ көрінетін жері осы деп ойлаймын.

Бір күні қазақ тілі сабағында М. есімді оқушымның өте көңілсіз, жабыраңқы отырғанын байқадым. Жаттығу жұмысын орындап болған соң сынып оқушыларына ойын ретінде сөздік қорымыздың қаншалықты екенін тексеру мақсатында деп, тез арада «Мені қуантатын және көңіліме кірбің түсіретін сәттер» деген тақырыпта өз ойларыңды жаза қойыңдар» деген тапсырма бердім. Оқушымның бірінші сөйлемі: «Отбасы, ондағы келіспеушіліктер» деп жазылып тұр екен. Сабақ соңынан жаныма жақын тартып: - Неге көңіл – күйің жоқ, ата – анаңа ренжулісің бе? – деп сұрақты төтесінен қойдым. Қыстығып тұрған оқушым жылап отырып, әкелерінің соңғы кезде үй – ішінің мазасын алатынын , әбден шаршағанын жеткізді. Оқушымның жанын жұбатар сөздер айтып, көңілін орнықтырдым. Анасымен жолығып, қол ұшын беріп, көмектесетінімді, бұл қиындықтан шығудың жолын бірге қарастыратынымызды , бұның барлығы құпия болып сақталатынын айттым. Сыныптың тәрбие жоспарына түзетулер енгізіп, «Ең ұйымшыл отбасы». «Ең үздік әке» сайысы, эстафеталық ойындар, сабаққа қатысуға осы аптада тек қана әкелер келуі қажет деген сынды тағы басқа іс – шараларды үзбей жүргізе бастадым. «Отбасындағы кикілжің баланың көңіл күйіне әсер ете ме? деген сынды ашық диспуттар өткізіп отырдым. Ананы – мынаны сылтауратып үйлеріне де жиі баратын болдым. Әкесі де ақымақ кісі емес екен, іштей сезді ме, әлде бір нәрсе әсер еттіме , жаман әдеттерін қойып, жүргізуші болып тұрақты жұмысқа шығып кетті. Бұның бәрін жазып отырған себебім – мектепте жүрген әр баланың тағдыры, күнделікті тыныс – тіршілігі менің өміріммен, менің ғана емес , ұстаздардың өмірімен бірге екенін айтқым келгенінде.

Жанарларында нұр ойнап алдыма келіп отыратын әрбір сынып оқушыларына «Өзіне қаламаған жамандықты өмірде ешқашанда жасамаңдар, осы сөздің мән – мағынасын жадыларыңнан шығармай өмір сүрсеңдер, әрқашан жолдарың ашық, дұшпандарыңнан достарыңның көп болатынына кәміл сеніңдер» деп айтып тәрбиелеп келемін.

Қазақ «Сөз сүйектен өтеді» дейді. Орынын тауып айтылған ұстаздың әрбір сөзі оқушы жадында мәңгі сақталары анық.

Шынында да, менің тағдырым мектеп өмірімен біте қайнасып жатыр екен. Мектеп түлегі үздік баға алып, сайыстан оза шауып келсе , үздікке бітіріп, жоғары оқу орнына түсіп жатса, бірге шаттанып қуанып, сәл сүрініп құлап кетсе, солармен бірге қиналып уайым шегеді екенсің. Кез келген сайысқа, олимпиадаға «бәйгеге қосатын аттай ғып» дайындап әкелген оқушыңды сайыс біткенше жаныңды шүберекке түйіп, тілеуін тілеп тосып отыратыныңды қалай жасыра аласың?! Осының өзі бір ұмытылмас азапты да тәтті сәт емес пе?!

Көзі жәудіреген әр баланың бойындағы қабілетін танып , дарынын ашып, болашаққа нық сеніммен атттандыру – мектептің, «мектептің жүрегі – ұстаздың», мына біздердің міндетіміз.

Бала жүрегінен орын тауып, оған тәлім – тәрбие беруде , шеберлігімді ұштауда қалай қанат қағып самғасам, бұны байқаған әр шәкіртімнің солай самғарына күмәнім жоқ. Жүрегімнің әр қағысы өз мамандығыма сүйіспеншілік нұрын сеуіп тұрса, оны сезген бала да болашаққа өз жүрегінің лүпілін қажетті жерден ести алады деген сенімдемін.
rss