Сәпен сағынышын, Сырбай сырын ақтарған той

Опубликовано: 03.11.2018

Сәпен сағынышын , Сырбай сырын ақтарған той

Сәпен сағынышын, Сырбай сырын ақтарған той.

Биыл – дауылпаз Қасымның 100 жылдық мерейтойы.

Ақынның бұған дейінгі мерейтойлары да тұғырлы туған жерінде жоғары деңгейде аталып өткені естеріңізде болар.

Төмендегі қасиетті Қарқаралының екі қарт ұстазы жазған естелік Қ.Аманжоловтың 60 жылдық мерейтойының әсерлі сәттерінен сыр шертеді.

1971 жылы қазан айының соңында Қарқаралы қаласындағы мектеп-интернатта жатып, оқи­тын аудан малшыларының бала­ларымен кездесу үшін Қасым Аманжоловтың жары Сәпен (Сақып­жамал), ағасы Ахметжан ақ­сақал, Қасымның құдасы Сыр­бай Мәуленов жұбайымен бірге және ақынның шәкірті Ғафу Қайырбеков келген-ді. Оларды аудан басшылары бастап кел­ген болатын. Олармен қоса Қарағандыдан Қасымның 60 жыл­дығын туған өлкесінде атап өт­кізу үшін қоса келген «Орталық Қазақстан» газетінің сол кездегі редакторы Сейфолла Оспанов , жазушы Жайық Бектұров та болды.

Мектеп интернаттың акт залын­да алдын-ала жиналып отырған оқушылар, ұстаздар және арнайы келген ата-аналар орындарынан тұрып қол шапалақтап, қонақтарды құрмет­пен қарсы алды. Қонақтар жайланып отырғаннан кейін мек­теп-интер­наттың директоры Смаған­бет Дүйсетаев келген қонақтарды ілтипатпен таныстырды. Сақып­жамалды таныстырып жатқанында оқушылар бір ауыздан «ұзақ жасаңыз, келіп тұрыңыз» деп шын балалық ниеттерін білдіргенде, Сәпен жеңгеміз көзіне жас алғаны бар еді. Одан кейін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Үміткер Қаңтарбаева Қасым Аман­жоловтың өмір жолы мен ақындығы туралы әңгімеледі. Бұған дейін Сырбай Мәуленов пен Ғафу Қайырбеков сөз алып , Қасымның ағасы Ахметжан ақсақал сөйле­ген болатын. Жоғары сынып оқу­шылары Қасымның соғыс жыл­дарындағы өлеңдерін оқып, кездесу соңы концертпен жалғасты. Жиналған жұртшылық қонақтарды қошаметпен шығарып салды. Қасым тойы әрі қарай Қарқаралы орманы ішінде жалғасты.

Теңізбай ӘУЕСБАЕВ,

Республика және КСРО халық ағарту ісінің үздігі.

Қоңыр күздің мамыражай кезі еді. Мектептегі жұмыстарыммен айналысып отырғанымда партком хатшысы Жұмаш Бейсенбаев бөлімше меңгерушісі Мәжит Жүкібаев екеу­мізді шақыртқанын естіп, дереу жет­тік. Барсақ парткомның кеңсе кабинетін­де Жұмекең бастаған парт­ком мүшелері: совхоз директоры Кәкім Әпсалямов , селолық кеңес­тің төрағасы Қуанышбай Әл­жанов, кәсіподақ төрағасы Қасым Жақыпбеков және Қапан Мұқтаров, Төлеутай Шақарбаев және басқа да мекеме басшылары отыр екен.

Біз келісімен Жұмекең бірден іске көшті. – Сіздер барлықтарыңыз да Қасым Аманжоловты жақсы біле­сіздер, – біз басымызды изедік. – Ақ­ын Аққора, Сарыобалы жерінің қасиет­ті топырағы мен суынан жа­рал­ған. Наркескендей өлең-жырдың дарабозы, өр кеуделі, жомарт жү­рек­ті, от ауызды , орақ тілді ақын бауырымыздың 60 жылдығын туған жері Аққорада өткеруді жоспарлап отырмыз. Алматыдан, облыс, аудандардан қонақтар келеді. Тойды өткеру салмағы бөлімше меңгерушісі Мәжит Жүкібаев пен Жолжақсы Әзімханов, сіздердің мойындарыңызға түседі. Осы­лай деді де, тиісті тапсырмаларды берді.

Ауылға келген соң ақын тойын өткеруді ақылдастық. Ол туралы тәр­бие сағаттарын өткізіп, өлең-жырларын оқу , халыққа насихаттау жұмыс­тары, оқырмандармен кездесулер ұйым­дас­тыру қолға алынды. Марқұм Нақып­бек Бегешов, орыс тілі пәні мұғалімі Зинаида Мүрсалинова мен көр­кем өнерпаздар үйірмесінің жет­екшісі Кәбира Біләловаға ақын өлең­дерінің желісімен әдеби-музыкалық кеш өткізу жүктелді.

Ол кезде медпункт, байланыс бөлімшесі, өз күшімізбен салған клуб үйі, кітапхана мен дүкен ғана бар еді бөлімшеде. Ауыл тұрмысы жұпыны болатын. Бар салмақ мектеп ұжымына түсті. Өйткені, мектеп қашанда мәде­ни, саяси жұмыстардың айнасы бола­тын. Қасым тілімен айтсақ:

Мектеп – кеме, білім – теңіз,

Жүземіз де, өтеміз, – дегендей мектепте сол кезде 180 оқушы білім алып, 13 мұғалім мен 5 жұмыскер еңбек ететін. Оған қоса , Аққора мен Сарыобалының малшы, шопан, механизаторларының балаларына арналған 50 орындық интернат жұмыс жасап тұрды. Жаңа мектептің құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын қалған кез болатын.

Қонақтарды күтіп алуға ауылдың тайлы тұяғы қалмай 5 шақырым жерге жаяу жалпылап, қазіргі Сеңкібай батыр атындағы төбеден қарсы алдық. Құрметті қонақтардың ішінде ақын ағамыздың адал жары, аналық мейірімі мол , бар қиыншылыққа төзген Сақыпжамал, қызы Жанна бар. Дариғасы жол жүрер алдында сырқаттанып, емханаға түсіп қалған екен. Бұлармен бірге келген ақынның ағасы Ахметжан зор денелі, жарқын жүзді, жайдары кісі екен. Сонымен қатар , қоңыр жүзді, бөкен қабақты, орта бойлы ғана келген ақынның шәкірті Ғафу Қайырбеков, досы, әрі құдасы, ақын Сырбай Мәуленов бар еді. Одан басқа «Орталық Қазақстанның» редакторы Сейфолла Оспанов, аудандық партия комитетінен Әділхан Аймақов, Төлеубек Қашқынбаев , Заманбай Игіліков, ақынның туыстары Түшкен Шахарбаевтың ұрпағы мен совхоз басшылары болды. Ақын бәйбішесінің жанында Қамар шешеміз бастаған қыз-келіншектер жүрді. Шын ықыласпен, сағынысып, көрістік. Құшақ жая , жылы жүрекпен қарсы алдық.

Кішкентай клуб үйі халыққа лық толы. Шашылған шашу, айтылған тілек пен ниетте есеп жоқ. Кездесу басталды. Қонақтарды таныстырдым. Ақынның өмірі мен өнерінен қысқаша деректер беріп, ауыл туралы да айта кеттім. Орайы келген кездесуде салынып жатқан мектепке ақын атын беру жайлы ұсынысымды да жеткіздім.

Ақынның ағасы Ахметжан ақсақал Қасымның өмірінен, басынан өткерген қиыншылықтары туралы естеліктерін айтты. Сөз кезегін алған Ғафу ақын Қасым Аманжоловтың мінезінің өткір­лігін, өрлігін, турашылдығын айтты. Өнері мен ақындығы , ақ көңілділігі мен ниетінің тазалығы жайлы сөз қозғай келе, ақынмен қалай танысқанын айтып берді. – Бір күні С.Мәуленов мені ертіп келді. Үйге кіріп сәлем бердім. Үй кішкентай ғана екі бөлмелі екен. Сәлемімді алып, төрге шақырды. Танысып, білістік. «Не өнерің бар деп?», өлең оқытты. Домбыра тарт­қызып, ән айтқызды. Соңында: «Жарайды бала, келіп тұр, саған есік ашық», – деді. Содан бері Қаскең мен Сәпен жеңгеміздің туған баласындай болып кеттім , Қаскеңді ақтық сапарға да шығарып салдым, – деді.

Сосын сөз кезегін алған Сәпен жеңгеміз Қаскеңмен қалай кездесіп, хат алы­сып тұрғанын, ол кісінің бірбет­кей, айтқанынан қайтпайтын жан болғандығын , ақ көңіл, көпшіл екенін, оқ пен оттың ортасында жүріп, Оралға бірнеше рет іздеп барғанын айтты. Одан басқа да әңгімелер айтылды. Соғыстан кейінгі өмірдің қиын болғанын, баспанаға қолы жетпей көп назаланғанын , қыздарын өте жақсы көргенін айтып, «оларға арнаған өлеңдері әкелік махаббатына куә», – деді. Қонақтар Сарыобалы ауылындағы Қаскеңнің туған қыстағы «Қызылға» барып, аралап қайтты. Олар ақын туған топырақтан бір уыс ала кетті.

1972 жылы Қасым атындағы жаңа мектепте бала оқытып жаттық. Совхоз директоры К.Әпсалямов Қасым ақынның ескерткіші келгенін, алып кетуімді тапсырды. Қуана-қуана ауылға алып келдім. Шашу шашылып, ел тағы бір мәрте шаттыққа бөленді. Сол жылдың жазына қарай Сәпен жеңгеміз , Дариға мен Жанна ауылға келіп, мектебімізді аралап, сүйсініп, ризашылықтарын білдіріп қайтқан еді. Содан бері Қасым мектебінен талай шәкірт түлеп ұш­ып, үлкен өмірге жолдама алды. Әртүрі мамандықты игеріп, бүгіндері әр саланың басы-қасында жүр.

Қаскең жырлары мен өлеңдері оқу орындарында , кітапханалар­ында, ел арасында кеңінен насихатталып, оқырмандардың жүрек­терінен орын алып, жас ұрпақты ерлік пен елдікке, батылдық пен батырлыққа , Отанын, елі мен жерін сүюге, оны көркейтуге тәрбиелейтін таптырмас бірден бір жол. Қасым өлеңі – өмірдің айнасы. Сондықтан, ол халықпен мәңгі жасасады.

Жолжақсы ӘЗІМХАНОВ,

Көктас ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Орталық Қазақстан. - 2011. - 1 қыркүйек

(№ 142/143). - 7 б.
rss